Лирика - дәнекер” – Қазақстан және Өзбекстан Гёте-Институттарының “Grand Tour Zentralasien” (Гранд тур Орталық Азия) жобасының ұраны. Виртуалдық аударма семинары ортаазиялық аудармашыларға Аня Кампманн, Моника Ринк, Рике Шеффлер, Даниела Зеел және Ян Вагнердің заманауи неміс лирикасымен жақынырақ танысуы үшін берілген үлкен мүмкіндік болды. Нәтижесін енді антологиядан және интерактивті вебсайттан көріп, таңырқап-тамашалауға болады. 

 "Гранд тур" жайлы ойлайтындар жаңа дәуірдегі Еуропаның Гёте, Монтен сияқты басқа да зиялыларының білім жолында жасаған саяхаттарын еске алар. Бірақ саяхат, кездесу, алмасу әдеби тұрғыдан да болуы мүмкін – оның бір дәлелі, және соңғысы емес, Ян Вагнер мен Федерико Италианоның 2019 жылы Еуропаның кейінгі лирикалық поэзиясына саяхаты "Grand Tour Europa" (Гранд тур Еуропа) антологиясы. Осы бастамадан шабыт алған Қазақстан мен Өзбекстан Гёте-Институттары "Grand Tour Zentralasien" (Гранд тур Орта Азия) жобасымен Германия және Орта Азия лирикасын қауыштырып, мәдениетаралық алмасу кеңістігін қалыптастырып отыр. 2021 жылы басты назарда заманауи неміс лирикасының Орта Азия тілдеріне аударылуы тұр. "Grand Tour Zentralasien" жобасының бастамасы ретінде Өзбекстан,  Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстанның саны кей кездері жүзден асқан аудармашылары онлайн семинар кезінде немістің жиыны 50 өлеңін өз тілдеріне аударды.

Үздік аудармалар Steppe & World қазақ баспасы шығарған SIMURGH антологиясына жинақталды. Оған қосымша интерактивті вебсайт өлеңдердің ортаазиялық бес тілдегі аудармасын ғана емес, сондай-ақ аударма үдерісін де ой елегінен өткізіп, қабылдауға ықпал етеді: өлеңдерге авторлар мен  аудармашылардың мәтін және бейнежазба түрінде түсініктеме беруі, өлеңдер мен әдеби аударманың мүмкіндіктері мен күрделі тұстары жайлы ой салады.

2022 жылдың көктемінде лирик ақындар мен аудармашылар қайыра кездеспек: Ташкент Халықаралық лирик ақындар фестиваліне Өзбекстан мен Қазақстан Гёте-Институттары неміс лирик ақындарын, ортаазиялық жазушыларды және аудармашыларды сол сияқты жергілікті көрерменді жинамақ. 

"Grand Tour Zentralasien" жобасының негізгі мәселесі – аударма: Заманауи неміс лирикасы онлайн аударма воркшоптарында Орта Азияның барлық бес елінің тіліне аударылды. Наурыз айынан қыркүйекке дейін көптеген аудармашылар мен лирик ақындар заманауи бес неміс ақынының өлеңдерін өз тілдеріне аударып, өңдеумен айналысты. Воркшопқа қатысушылар тәжірибелі модераторлардың басқаруымен әлеуметтік желі арқылы байланысып, жұмыс істеді.

Модератор ретінде тәжірибелі аудармашылар не ақындар қызмет етті: Өзбекстаннан, мысалы, "Alte Liebe“ (Ескі махаббат) (Елке Хайденрайх және Бернд Шрөдер) және "Gut gegen Nordwind“ (Теріскейден соққан желге қарсы жақсы) (Даниэл Глаттауер) сияқты шығармаларды өзбек тіліне аударған Хафиза Кучкарова және лирик ақын және Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының докторы Тилланисо Ешбоева.

Тәжікстандағы воркшопты Худжанд Мемлекеттік Университетінің профессоры Мусо Саидов басқарды.

Қазақстандық воркшопты басқарған Рауза Мұсабаева – аудармашы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, оқытушы. Неміс тілінен қазақ тіліне Вилли Бредел, Корнелиус Петкау, Элеонора Һуммел және т.б. авторлардың шығармаларын аударған. 

Қырғыз аудармашылар семинарының модераторы Айгүл Адисова да аудармашы, ақын, университетте неміс тілін оқытушы доцент, Қазақстан Гёте-Институтының және Лоорен/Швейцария аудармашылар үйінің аударма семинар, воркшоптарының белсенді қатысушысы.

Түркіменстан аудармашыларының модераторы – аудармашы және неміс тілі пәнінің оқытушысы Огылмарал Муһаммедова.

Аударма воркшоптары онлайн ұйымдастырылды, Өзбекстанда, мысалы, Телеграмм мессенжер қызметі арқылы. Модераторлар Телеграмм арнасына неміс тіліндегі барлығы 50 өлеңнің күніне біреуін жариялап отырды.  100-ден астам қатысушы аудармашылар мен ақындар ол өлеңдерді жеке не топ құрып аударып отырды. Біртіндеп-біртіндеп воркшоп қатысушылары солайша Аня Кампманн, Моника Ринк, Даниэла Зеел, Рике Шеффлер және Ян Вагнердің өлеңдерін өзбек тіліне тәржімелеп шықты. Қатысушылар кеш сайын, өлеңдердің күрделі тұстарын және мағынасын талқылау үшін, модераторлармен онлайн кездесіп, модераторлар қатысушыларға әдеби аударма тақырыбына байланысты қосымша материалдар жіберіп отырды.

Мамыр айында аудармашылар авторлармен онлайн кездесті – авторларға өлеңдер бойынша өз сұрақтарын тікелей қойып, жауап алып, пікір алмасты.

Өлеңдердің аудармасы антология ретінде "Самұрық“ деген атаумен Steppe & World қазақ баспасынан шығып отыр. Оған қосымша, интерактивті вебсайт аудармаларды жинап, аударма жұмысының күрделі тұстарына көз салып, ойлануға мүмкіндік береді.

Германияның, дәлірек айтсақ, неміс тілінде сөйлейтін елдердің заманауи лирикасының дәурені артта қалды.

Сұранысқа ие және оқуға жеңіл әдеби жанрлармен толыққан ауқымы кең неміс тілді кітап нарығында сұраныс жоқ сияқты көрінеді – тек Германияның өзінде ғана жыл сайын шамамен 70.000 атау алғаш рет басылып шығады, оның отыз пайыздайы беллетристика. Өзгесі балалар кітабы, кәсіби және ғылыми-көпшілік танымдық әдебиет. Тек 2000-дай атау ғана лирика мен драма саласына қатысты, статистикалық себептерге байланысты бұл екі жанр бірге саналады. Бұл сан осы саладағы жаңа кітаптардың шамамен елу пайызын құрайтын басқа тілдерден аударылған поэзияны да қамтиды.

Ол атаулардың көпшілігі шағын және орташа баспалардан, көбінесе 100 данадан басталатын шектеулі таралыммен шығады. Олардың санаулысы ғана үлкенірек таралыммен шығып, айтулы кітап дүкендерінде сатылуға мүмкіндік алады. Егер бір лирикалық шығарма бестселлер тізімінің басында тұрса (Германия өлшеу мен салыстыруды жақсы көреді), немесе елеулі кітап сыйлығына ие болатын болса, ол бір ғажайып оқиғамен пара-пар.

Көңіл аударарлық бір жайт - неміс тілді лирика ландшафтының басқа елдер мен тілдердің ақындық өнеріне айқара ашықтығы. Аударма мен бейімдеп жазу әр кезде болған: алдымен латын мен француз тілінен, испан, италиян тілдерінен. Жалпы, неміс ақындық өнерінің дамуына Уильям Шекспир шығармаларын аудару үлкен түрткі болды. Оған дейін неміс поэзиясы негізінен, тіл тұрғысынан алғанда, латын мұрасының арнасымен келе жатқан болса, барокко дәуірінде, яғни, шамамен 1600 жылдан бастап, Мартин Опитц 1624 жылы өзінің "Buch von der Deutschen Poeterey" (Неміс ақындық кітабы) атты кітабында сипаттап берген өзіне тән түр-тұлғасын қалыптастыра бастады.

(Табиғи тегінен гөрі адамзат өркениетінің гүлдену дәуірімен рухани байланыстан бастау алатын) Веймарлық классика дәуірінде Германия грек мұрасын қайта игерумен қатар Шығыстың ақындық өнерімен танысты. Йозеф фон Һаммер-Пургшталь 1812 жылы парсы ақыны Һафиздің "Диванын" аударды. Ол Гётені өзінің "Батыс-шығыс диванын" (1819/1827) жазуға шабыттандырса, Гёте өз кезегінде германиялық шығыстанудың негізін қалаушы, ақын, ғалым Фридрих Рүккерттің Құранның біраз бөлімдерін және арабтың 9-ғасырда өмір сүрген ақыны Абу Таммамның еңбектерін аударуына түрткі болды. Нәтижесінде Рүккерт сопы ишан Мəулана Жалал Əд-Дин Румидің ғазелдерін аударып, әйгілі болды. Сөйтіп ол неміс лирикасына жаңа бір форма, ғазелді, енгізді.

Ақындық Наполеон тақтан түскен соң және сәтсіздікпен аяқталған 1848 жылғы азаматтық төңкерістен кейін рухы азат қозғалыстардың маңызды қарым-қатынас құралына айналды. Поляк, чех, венгр революционерлерінің өлеңдері неміс тіліне аударылды. 19 және 20 ғасырлар тоғысында орыстың "Күміс ғасыр" лирикасы неміс тілді әлемнің есігін ашты. 1945 жылы мамырда неміс әскері тізе бүккеннен кейін, сол екі арада бөлініп қалған Германияда, 20-ғасырдың бірінші жартысының кейін шыққан басылымдарын есептемегенде, әсіресе француз және орыс немесе Кеңес ақындарының аударылған лирикасы аяғын нық басқанша, біраз жылдар қажет болды. 1962 жылы Батыс Германияда Аллен Гинзберг пен Джек Керуак төңірегіндегі америкалық андерграунд ақындарының алғашқы "Beat"- антологиясы жарық көрді, 1963 жылы Шығыс Германия өз сахнасына "Жабайы жастардың" кеңестік әріптесі, "Жылымық" ақыны Евгений Евтушенконы алып шықты. Германияның екі жағында да бір мезгілде дерлік Андрей Вознесенскийдің аудармалары жарық көрді. Оның серіктесі және ақын жолдасы, қазақ Олжас Сүлейменов, ең алғашқы ортаазиялық ақын ретінде, 1978 жылы "Поэзия альбомы" басылымдарында неміс тілінде жарияланды.

1960 жылдар лирикалық шығармалар мен аудармалардың өркендеген дәуірі болды, болашаққа үмітпен қараған және саяси құбылмалы сол кезеңде италиян, грек, түрік және испан тіліндегі мәтіндер неміс тіліне аударылды. Пабло Неруда және Эрнесто Карденаль сияқты латынамерикалық ақындардың шығармалары неміс тілді аумақта көп таралыммен басылып жатты. Аударылған тілдер саны, исландия не грузин тілі сияқты сөйлеушілер саны шағын тілдерден де аударма саны әлікүнге өсіп келеді. Қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың орыс тілі арқылы аударылып немісше жарық көрген шығармаларын есептемегенде, Орта Азия тілдерінен неміс тіліне, керісінше, осы уақытқа дейін лирика тиісінше аударылмады десе де болғандай.

1950 жылдардың аяғынан бастап әсіресе Батыс Германияға ағылған мигранттардың көші-қоны Германия лирикасының көптілді поэзияға айналуы үшін туған тағы бір мүмкіндік болды. Алдыңғы ұрпақтың  танымалдарын ғана атайтын болсақ, Иүксел Пазаркая, Арас Өрен, Зафер Шеноджак сияқты тегі түрік ақындар екі қоғамның мүшесі ретінде екі тілде де жазады, жазу тақырыбына қарай неміс не түрік тіліне ауысып отырады және өз мәтіндерімен қатар өзге ақындардың да шығармаларын аударады. Олар екі тіл мен екі қоғамда да "жат болу" мен "баспаналы болуды" өз шығармаларына өзек етті.1995 жылы Феридун Заимоғлу қоғамға өзінің "Kanak Sprak – 24 Mißtöne vom Rande der Gesellschaft" (Канак спрак – қоғамның түкпір-түкпіріндегі 24 келіспеушілік) атты әңгіме стилінде жазылған неміс қоғамы қабылдамаған не толық қабылдамаған қоныс аударушылардың не/және олардың балаларының бриколаж-тілінің үндеухатын ұсынды. Сол түрткі болып, 1998 жылы "Kanak Attak" атты этностық бөлектеуге қарсы және бір оң мағынадағы мультикультурализмді жақтайтын ұстанымдағы өнер адамдары мен белсенділердің ерікті одағы құрылды.

Осыған байланысты олардың оқырман ақындарының ассоцияциясы бейресми деңгейде де, ресми деңгейде де халықаралық дәрежеге көтерілгенін ұмытпаған жөн. Берт Папенфусс сияқты ақындар, мысалы, өздерінің польшалық пікірлестерін, ешқандай баспаға тәуелді болмай-ақ, аудара береді. Әдебиет үйі, қорлар не Гёте-Институт сияқты ұйымдар жалпы оқу кештерінде аудармашылардың семинар, кездесулерін ұйымдастырады. Араб елдеріндегі қанды қақтығыстар кезінде көп адамдар өз елдерін тастап кетуге мәжбүр болғанда, неміс жазушылары өздерінің Германияға жан сауғалап келген әріптестеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетуге тырысты, оларды өз ұйымдарына қосып, аудармашы, баспа тауып беріп, оларға халық алдына шығуға мүмкіндік жасауға тырысты. Саяси қуғын-сүргіннен қашуға мәжбүр болған сириялық ақын Лина Атфаһ, он екі аудармашының көмегімен 2019 жылы Германияда араб-неміс тіліндегі өлеңдер жинағын шығаруға мүмкіндік алды, оған неміс және грузин тілінде жазатын Нино Һаратишвили алғысөз жазып, кітап кеңінен таралып, көпшілік назарына ілінді. "Weiter Schreiben" (Жаза бер) бастамасы 2017 жылдан бері соғыс пен қуғын-сүргіннен пана іздеген ақындар мен проза жазушыларға жұмыс істеуге қолайлы орын табуға, көпшілік алдына шығып сөйлеуге және еңбектерін басып шығаруға көмектесіп келеді. Негізінен ол машақаты көп, мұқияттылықты талап ететін жұмыс, дегенмен онда жазылғанның бәрі өз оқырманын тауып жатпайды. Бұл жоба бірақ қуғында жүрген ақындар үнінің өшіп қалуына жол бермейді. Оның артында үнемі сол жазылған өлеңдердің түрлі иірім жолдар арқылы, вебсайт, мессенжер қызметтері мен әлеуметтік жүйелер арқылы, мейлі Ауғанстан, мейлі Беларуссия болсын, қай елге қатысты болса, сол елдегі оқырмандарына жол табар деген үміт жатады.

Бұл жинаққа енгізілген бес ақын шығармаларының заманауи неміс лирикасының алуан реңкті ажарын және тақырыптық кеңдігін толық ашып көрсете алмасы анық. Үзінділер оқырман олардың сюжеті мен жанр тілін байқап, оған елігіп үлгеретіндей ауқымды және оқырманды баурап алып, оны басқа шығармаларды, ақындарды да оқуға қызықтыра түсері сөзсіз. Жинаққа енгізілген ақындарды кейінгі, алдыңғы буынға бөлу тым ресми түсінік болар еді. Оларды дәстүрдің жаңаруға ұласуының, сол сияқты ретроспектива, еркін поэзияға қайта бет бұру, нақты поэзия және дыбыстық поэзия сарқыны өкілдері десе, дәлірек болар. Оларға ортақ нәрсе, негізінен, өлең жолдары соңының ұйқасынан, өлең жолдарының аяғынан байқалатын ырғақтандырудан бас тарту және суреттерді өлеңге айналдыруға ұмтылу. Бұл осы кітапта шеберлікпен орындалған аудармаға да қойылған үлкен талап. Бір-бірінен көп және ұзақ уақыттан бері аударма жасап келе жатқан тілдердің арасында (ағылшын және неміс тілдері немесе орыс және Орта Азия тілдері арасындағыдай) өзінше бір ортақ метатіл қалыптасқан болса, ортаазиялық және неміс тілді поэзия арасындағы лирикалық диалог үшін ондай тіл енді ғана қалыптаспақ.

Жинаққа енген лирик ақындарға ортақ нәрсе – олар оқырманды не тыңдарманды бір әрекет жасауға не жасамауға үндеп отырған жоқ және олардан ештеңені талап етпейді. Олар жағдай, адам, ландшафт пен көңіл толқындарын суреттеп береді, бірақ оған баға беріп не оған қатысты өз пікірін білдірмейді (әйтеуір бастапқы деңгейде ол жоқ). Бұл мәтіндер оларды әркімнің өзінше түсінуін қалайды. Оқырман не тыңдарман бұл өлеңдерге өз ойын білдірмей, олардың жетпей тұрған жерлерін толықтырмай қоя алмайды. Өлеңдерге ортақ тағы бір нәрсе – ондағы лирикалық "Мен"-нің анық екінші планға өтуі, маңыздылықтан бас тартып, үлкен тұтас дүниенің бір элементіне ғана айналуы. Мұны толығымен, өзінің тікелей қатысы барлығына қарамастан, тіпті жанына сонша жақын тұстарда да, осынау алауыз, қайшылықты және адуынды әлемге сахнаны беріп, өзіне қосымша рөлді ғана қалтыру үшін, қашықтық сақтаудың әдемі бір көрінісі деп бағаласа болады.

Моника Ринк, 1969 жылы Рейнланд-Пфальцтағы Цвайбрүккенде туған, дінтану, тарих және салыстырмалы әдебиеттану факультетінде оқыған. Музыкамен және графикалық кескіндеумен бірігудің жолын іздеп жүрген сөз және  сөз орамдарын жинаушы. Автор, ақын, эссеист және аудармашы. Алғашқы өлеңдер жинағы 2004 жылы жарық көрген.

 Ян Вагнер, 1971 жылы Һамбургте дүниеге келген, англистика факультетін тамамдаған, тәуелсіз жазушы, әдебиет сыншысы, жауапты редактор, ағылшын және америкалық ағылшын тілдерінен аудармашы. Ғылым және әдебиет академиясының, сол сияқты, Неміс тіл және поэзия академиясының мүшесі. Алғашқы өлеңдер жинағы 2001 жылы шыққан.

Даниэла Зеел, 1974 жылы Майндағы Франкфуртта дүниеге келген, басқа мамандықтармен қатар германистика және әдебиет факультетінде оқыған. Лирик, аудармашы, 2003 жылы суретші-график Андреас Төпфермен бірігіп ашқан kookbooks баспасының жауапты редакторы, баспагер. Алғашқы өлеңдер жинағы 2011 жылы жарық көрген.

Аня Кампманн, 1983 жылы Һамбургте туған, германистика және әдебиет факультетін бітірген, өлең, прозалық шығармаларды жариялап, композиторлармен Жаңа музыка бағытында бірігіп жұмыс жасайды. Алғашқы өлең жинағы 2016 жылы жарық көрді.

Рике Шеффлер, 1985 жылы Берлинде туған, психология және әдеби жазу бойынша білім алған. Сазгер және орындаушы ретінде өнер көрсетіп, мәтін мен музыка тоғысында еңбек етіп келеді. Алғашқы өлең жинағы 2014 жылы шыққан.


 Эпилог:

Міне, Лирика әлі отыр, жүзінде қуақы күлкі табы, кейуана, өзінің уақыттан қалып қойғанын біледі, келіп оның сүтті омырауын еметін балаларының балаларының балаларын тағатсыздана күтеді. Олар стадионға келетін футбол жанкүйерлері сияқты топталып келмейді, бірақ кез-келген уақытта қайта-қайта келе береді. Оның балаларының балаларының балалары жаңа, ескі аяқкиімге толы шоланнан қашып шыққылары келсе, шекердей тәтті қажеттілігіңді қанағаттандыратын быламықтың шайыр қабатын қарсы өскен бұтадай жарып шықса, ашық аспанды көргілері келсе, желдің иісін иіскеп, судың дәмін татқылары келсе. Өздері үшін және өзгелер үшін қолдарында барды және сақтап қалғылары келетін дүниені сипаттау үшін сөз іздесе. Қажет нәрсені, мүмкін нәрсені емес. Мүмкін нәрсе көп. (Адам таңдау жасауы керек.) Кейуана Лириканың көңіл-күйі хош. Қатпарлы әжімдері мен ақ күмістей шашына қонған өмірлік тәжірибе мен даналықтың өзіне жыл өткен сайын әр беріп, ажарландыра түсетінін ол жақсы біледі. Ондай жанды ешкім де зейнетке жібермейді. Ондай жан басқаларға қажет.


Жанин Дагели

Вена, қаңтар 2022

Барлық өлеңдер
Ян Вагнер
Ян Вагнер, 1971 жылы Һамбургте туған, 1995 жылдан Берлинде тұрады. Лирик, эссеист, ағылшын тіліндегі лириканы аударушы. 2003 жылға дейін Вагнер халықаралық "Die Aussenseite des Elementes" (Элементтің сыртқы жағы) әдеби қорабын – бір қорап ішіндегі жеке парақтарға жазылған өлеңдер жинағын – шығаруға қатысты. Алғашқы "Probebohrung im Himmel" (Аспанды ұңғып тесу сынағы) өлеңдер жинағын Вагнер 2001 жылы шығарды. Содан бері ол өз өлеңдерін көптеген өлең жинақтарында, антология, журналдарда жариялап, басқа сыйлықтармен қатар Лейпциг кітап жәрмеңкесінің сыйлығын (2015) және Георг-Бүхнер сыйлығын (2017) алды. 2019 жылы Hanser баспасынан Вагнер мен Федерико Италианоның "Grand Tour. Reisen durch die junge Lyrik Europas" (Гранд тур. Еуропаның кейінгі лирикалық поэзиясына саяхат) антологиясы жарық көрді. Вагнер Неміс тіл және поэзия академиясының және Германия ПЕН-орталығының мүшесі.
Рике Шеффлер
Рике Шеффлер, 1985 жылы Берлинде туған, лирик, сазгер. Берлинде психология фекультетін, Лейпцигтегі Неміс әдебиет институтын әдеби жазу мамандығы бойынша тамамдаған және көптеген ынталандыру сыйлықтарына, мысалы, Бранденбург қақпасы қорының, Берлин өнер академиясының және Гёте-Институттың стипендияларына ие болған. Оның "der rest ist resonanz"(қалғаны жаңғырық) өлеңдер жинағы 2014 жылы kookbooks-тен шығып, саяси және авангардтық шығарма ретінде Orphil-Debut сыйлығына ие болды. Шеффлер өз шығармаларын журнал, антологияларда жариялап, қайсыбірін сахналық өлең, мәтін және дыбыс коллажына айналдырады. Сол үшін ол басқа өнер иелерімен бірігіп жиі еңбектенеді және Берлиндегі KOOK e.V. әдебиет, музыка және өнерпаздар желісінің мүшесі. Шеффлердің кейінгі жұмыстарының ішінде оның 2019 жылы Париждегі Palais de Tokyo-да тұсаукесерін жасаған Becoming Water дыбыстық инсталляциясы да бар. Қазанда Kookbooks Шеффлердің "Federn im Flug" (Желдегі қауырсындар) өлең жинағын жарыққа шығарды.
Моника Ринк
Моника Ринк, 1979 жылы Цвайбрүккенде туған, Бохум, Берлин, Йельде дінтану, тарих және салыстырмалы әдебиеттануды оқыды. Ринктің шығармашылық жұмысы бірнеше саланы қамтиды: лирика, эссе және проза, аудармамен айналысады және әнге мәтін жазады. Қосымша өзінің begriffsstudio-сымен (терминдер студиясы) бірге үздіксіз ұлғайып келе жатқан Қазіргі заман лексиконының өзінше бір түрімен жұмыс істейді, оған күнделікті ақпарат құралдарынан алынған ерекше ұғымдар мен сөзжасамдар түрткі болады. Әдеби шығармалары үшін Ринк көптеген марапаттарға ие болды, мысалы, Эрнст-Мейстер-сыйлығы (2008), Клейст-сыйлығы (2015), Эрнст-Яндл-сыйлығы (2017) және (2021) Берлиннің әдебиет сыйлығы. Шығармалары түрлі баспалардан, антологиялар мен әдеби журналдарда басылып шықты. Ринк Германия ПЕН-орталығының мүшесі, Неміс тіл және поэзия академиясының, өзі тұратын Берлиндегі Өнер академиясының мүшесі.
Аня Кампманн
Аня Кампманн 1983 жылы Һамбургте туған. Университетте және Лейпцигтегі Неміс әдебиет институтында оқыған. 2006 жылғы әдеби сайыстардағы алғашқы жетістіктерінен кейін өзінің лирикасы мен прозасы үшін бірнеше рет марапатталып, стипендия түрінде, мысалы, International Writing Program Iowa бағдарламасы бойынша, қолдау көрді. 2016 жылы "Proben von Stein und Licht" (Тас пен жарық сынамалары) лирикалық дебюті Hanser баспасының Edition Lyrik Kabinett басылымынан, 2017 жылы "Fischdiebe" (Браконьерлер) кітабы шықты. Оның 2018 жылы шыққан "Wie hoch die Wasser steigen" (Су қаншалықты көтеріледі) романы Лейпциг кітап жәрмеңкесінің сыйлығына және Неміс кітап сыйлығына ұсынылып, бірнеше тілге аударылды. Ағылшын тіліндегі аудармасы 2020 жылы ҚШ-америкалық "National Book Awards" сыйлығына ұсынылды. 2021 жылы көктемде Hanser баспасынан Кампманның "Der Hund ist immer hungrig" (Ит қашанда аш) өлеңдер жинағы жарық көрді.